o чем книга
Құрастырушылар: Т.С.Байқұлов, Е.Ә.Сатыбалдиев Ұлттық сана туралы айтқанда бүгінгі күні қазақ оқырманына қайта жетіп жатқан Алаш арыстарының ерен еңбектерін айтпауға болмайды. Қазақ жерін сақтап қалу үшін аянбай күрескен, қандай бір қиындық түссе де мойымай туған халқына адал қызмет еткен ХХ ғасырдың басындағы ұлт қайраткерлерінің үлгісі бүгінгі күні өте өзекті болғандықтан қайта зерттеліп, зерделеніп отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде сол кезеңдегі елдің қамын жеген ұлт зиялыларының қайраткерлік іс-әрекеттері , әлі де болса, толық ашыла қойған жоқ. Осы ретте шығармашылық және қайраткерлік мұрасы елге таныла қоймаған Әулие-Ата өңіріндегі аумалы-төкпелі кезеңде Алаш қозғалысына өзінің үлесін қосқан азаматтың бірі ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш білімді агроном Мұстафа Бұралқиевтің өмірі мен қызметі жайында қазіргі кезде көпшілік біле бермейді. Ол туралы бірен-саран естеліктерде айтылғаны болмаса мұрағат құжаттарындағы аз-кем деректер тарихшылар тарапынан түбегейлі зерттелмеген. Тарихқа қатысты еңбектерімен ел құрметіне бөленіп жүрген Тұңғышбек Байқұлов пен әдебиетші-аудармашы, белгілі баспагер Ерлан Сатыбалдиевтің «Тараздың тарландары – Алаштың ардақтысы» атты еңбегі осы олқылықтың орнын толтыруға арналғандай. Кітапта мұрағат құжаттарында Мұстафа Бұралқиев туралы деректердің өте аз сақталғаны себепті, Әулие-Ата өлкесіндегі Алаш қозғалысының белгілі өкілдерінің бірі болған, 1930–1935 жылдары қуғын-сүргіннің жазықсыз жапа шеккен құрбанына айналып, негізсіз айыпталған Мұстафа Бұралқиевтің өмірі мен қайраткерлік қызметі жайында оның ағайын-туыстары мен көзін көрген көнекөз шежірелі қарттардың шындыққа негізделген естеліктеріне басымдық берілген. Сондай-ақ естеліктермен қатар бірталай мұрағат құжаттарынан табылған мәліметтер мен кейіпкердің өз жазбалары және аудармалары сияқты дүниелердің маңызы ерекше. Сонымен бірге бұл жинаққа еш жерде жарияланбаған және сирек кездесетін фотосуреттер берілген. «Тараздың тарландары – Алаштың ардақтысы» кітабы өз оқырманын табатын, ел қызығып оқитын, халықтың кәдесіне жарайтын еңбек. Кітап тарихқа қызығушылық танытатын жалпы оқырманға арналған.